Ақтөбе облысында жол-көлік оқиғаларының саны азайды
Ақтөбе облысында жыл басынан бергі сегіз айда өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының саны 32,8 пайызға төмендеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сонымен қатар, полицейлер жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жарақаттану мен өлім жағдайларын болдырмау үшін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады.
Жыл басынан бері облыс жолдарында 357 жол-көлік оқиғасы, ал өткен жылдың сегіз айында – 531 оқиғасы орын алды. 2020 жылы жол апатынан 492 адам зардап шегіп, 63 адам қаза тапты.
Апаттылықты төмендету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Ақтөбе облысы Полиция департаменті тұрақты негізде түрлі жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шаралар («Қауіпсіз жол», «Жаяу жүргінші», «Назар аударыңыз, балалар», «Жүргізуші құқығынан айырылғандар» және т.б.), ұжымдармен кездесулер өткізеді. БАҚ және әлеуметтік желілерде профилактикалық бейнероликтер мен материалдар жариялайды.
Жолдардың апаттылығын талдау негізінде республикалық және халықаралық маңызы бар автожолдардағы учаскелерде патрульдік полиция жасақтарының тығыздығын ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Сегіз ай ішінде жол қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін 73 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері анықталды, оның ішінде 19 мыңнан астам жылдамдық режимін бұзу дерегі және қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығудың 667 фактісі анықталып, 11 мыңнан астам жаяу жүргінші ҚР Жол жүрісі қағидаларының талаптары ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мас күйінде көлік құралдарын басқарудың мыңнан астам фактісінің жолы кесілді. Көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп, ай сайын «Автобус» профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Оның барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуының 866 жолы кесілді.
ЖКО-ның өсуіне әсер ететін факторлардың бірі – автокөлік санының өсуі болып табылады. Мәселен, 2019 жылы өңірде 170 мың автокөлік болды, оның ішінде Ақтөбе қаласында100 мың, ал 2020 жылы облыс автопаркі Кедендік одақ елдерінен мемлекеттік тіркеуге жатпайтын автокөлікті есепке алмағанда, 200 мыңнан астам бірлікті құрады.
– ЖКО-ның негізгі түрлері көлік құралдарының соқтығысуы және аударылуы болып табылады. Олардың себептері қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу, қозғалыс жылдамдығын арттыру, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту қағидаларының бұзылуы болып табылады.
ЖКО-ның барлық түрлерінің негізгі себебі жүргізушілердің жеке тәртіпсіздігі болып табылады. Көбінесе жол қозғалысы ережелерін жаяу жүргіншілердің өздері бұзады. Осыған байланысты автокөлік иелері мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерінің талаптарын бұзбауға шақырамыз, – дейді облыстық ПД бастығы Атығай Арыстанов.