«Мүгедектікке шығарып беремін» деп алдаған күдікті әйел ұсталды
Түркістан қаласында «мүгедектікке шығарып беремін» деп алдаған күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, өзіне жақын таныс емес азаматша осыдан екі жыл бұрын «мүгедектікке шығарып беремін» деп 110 мың теңгесін алып, алдап кеткен.
Арадан біршама уақыт өтсе де ол жәбірленушіге берген уәдесін орындамаған. Мүгедектікке шықпағаннан кейін, не ақшасын қайтармаған соң сан соғып қалғанын түсінген тұрғын полицияның көмегіне жүгінген.
Түркістан ҚПБ-ның полицейлері аталған жайтқа байланысты тергеп-тексеру амалдарын бастап кетеді. Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде, қалалық сақшылар алаяқтыққа күдікті әйелді анықтайды. Ол осы қаланың бұрын сотты болған тұрғыны болып шықты. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабымен тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға алаяқтардың арбауына ермей, кез-келген мәселені заң жүзінде шешуді ескертеді. Егерде осындай алаяқтардың қылмысына куә немесе құрбаны болсаңыз, «102» шұғыл нөміріне хабар беріңіз, өйткені дер кезінде берілген ақпарат қылмыстың тез ашылуына ықпал етеді.