Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полицейлер қымбат бағалы асыл тұқымды жылқы ұрлаған күдіктіні ұстады

Алматы облысында қымбат бағалы жылқыларды ұрлаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

18 қазанда сағат 20.00 шамасында  учаскелік полиция инспекторы Алакөл ауданының 33 жастағы тұрғыны айдап келе жатқан  «Ауди» маркалы автокөлігін тоқтатқан. 

Автокөлік салонында тұтас жылқы еті болған. Жүргізуші автокөлігіндегі етті танысына апара жатқанын айтқан. Алайда малдың өзінікі екенін растайтын құжаттарды бере алмаған.

Полиция қызметкерлері аталған жылқы малының етін екі күн бұрын жоғалып кеткен екі жылқысы туралы арызданған Қабанбай ауылының 42 жастағы тұрғынына көрсеткен, ол сойылған жылқының өзінің жайылымдық ұстауға бейімделген новоалтай тұқымды бағалы жылқысы екенін таныды.

Бұл тұқым ірі, салмағы ауыр, өзіндік ерекше түске ие болып келеді. Мұны басқа тұқыммен шатастыру мүмкін емес.

Ұрлық дерегі ҚР ҚК 188-1-бабының 1-бөлігі (Мал ұрлау)  бойынша тіркелді. Күдікті толығымен әшкереленді, ол өз ісін мойындап, бірінші жылқыны сойған және екінші жылқыны жасырған жерін көрсетті.

Бір бас жылқы мен сойылған жылқы еті заңды иесіне қайтарылды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сойылған жылқыны тасымалдау үшін пайдаланылған автокөлік сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды.

Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру