Шығыс Қазақстан облысындағы қатаң режимдегі колонияда поэзия кеші ұйымдастырылды
Шығыс Қазақстан облысында сотталғандар арасында поэзия кеші ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы құқық қорғау органдарында және сот жүйесінде қызмет еткен сотталғандарды ұстауға арналған ОВ-156/14 мекемесіндегі арнайы контингент арасында поэзия сайысы ұйымдастырылды.
Сайысқа барлығы 8 сотталған қатысып, олардың ішінен жүйріктер таңдалды. Таңдаулылар ішінде топ жарған Айтбай биыл сегізінші жыл жазасын өтеп жатыр.
Колонияда Айтбай аяқ-киім цехында етікші болып жұмыс істейді, жұмыстан тыс уақытының барлығын өлең жазуға арнайды.
– Мекеме психологтарының осы бағыттағы жұмыстары сотталғандардың бойындағы шектен тыс күйзелістен арылтып, олардың психологиялық денсаулығын сақтауға өз үлестерін қосады деп санаймын. Бостандыққа деген талпыныс сотталғандардың түзелу жолындағы ең бірінші қадамы, – деді мекеме бастығы Самат Ахмеджанов.