Алматы полицейлері халыққа медициналық бетперделер таратуда
Полиция қызметкерлері Алматы көшелерінде халыққа медициналық бетперделер таратуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шаһарда тәртіп сақшылары азаматтар арасында қоғамдық орындардағы санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтті.
– Жүргізіліп жатқан бұл науқанның мақсаты – азаматтарға карантиннің әлі аяқталмағанын және сақтық шараларын сақтау керектігін ескерту. Өкінішке орай кейбір азаматтар қоғамдық орындарда болған кезде жеке қорғаныстың негізгі қағидаларын ұстанбайды. Әр адамның қауіптің әлі сейілмегенін түсінуі өте маңызды, ал қорғаныс құралдары оның салдарларын азайтуға көмектеседі. Белгілі бір себептермен бетпердесіз жүрген азаматтарға біздің қызметкерлер бетперде ұсынады және осы атрибутты киіп жүру қажеттілігі туралы ескертеді, – деді Алматы қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.
Бір күнде полиция қызметкерлері Алматы тұрғындарына 1500 медициналық бетперде таратты.