Отбасылық жанжал шығарушы өз үйінде аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтаған
Алматы облысында отбасылық жанжал шығарушы өз үйінде алты келіден астам кептірілген марихуананы сақтаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция бұрын қарақшылық, ұрлық және кісі өлтіргені үшін сотты болған аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтаған адамды ұстады.
Текелі қаласының 42 жастағы тұрғынынан тәртіп сақшылары жалпы салмағы 6 кг 114 грамм болатын «марихуана» есірткісін тапты. Аталған дерек ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді.
Ағымдағы жылдың 22 қазанында Текелі ҚПБ кезекші пультіне Текелі қаласы пәтерлерінің бірінде отбасылық жанжал орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Көрсетілген мекенжай бойынша шақыртуға жеткен жедел-тергеу тобы қарақшылық, ұрлық және кісі өлтіргені үшін бес рет сотты болған, жалпы алғанда 30 жыл бас бостандығынан айыру үкімі бар және 2018 жылғы желтоқсанда босатылып шыққан 42 жастағы жергілікті тұрғын болып табылатын отбасылық жанжал шығарушыға қатысты материалды ресімдеуге кіріскен. Тексеру кезінде тәртіп сақшылары күдіктінің жатын бөлмесінен жеті картон қорапты және ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдік тектес заты бар бір пластикалық бидонды тауып, тәркіледі. Тексеруді жалғастыру кезінде, үйдің ауласынан, сарайдан тәртіп сақшылары қосымша ақ түсті пластикалық бидонды, металл табаны, шыны ыдыс және ұқсас зат салынған қорапты тауып, оларды да тәркіледі.
Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың сот сараптамасының қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған өсімдік заты кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы 6114 граммды құрайды, бұл есірткі заттарының жиынтық кестесіне сәйкес «аса ірі мөлшер» болып табылады. 26 қазанда тергеу судьясы сотқа дейінгі тергеу кезеңінде күдіктіге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.