Түркістан облысының полицейлері банк карточкасынан ақша ұрлаған күдіктіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері банк карточкасынан ақша ұрлаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын өзінің банк карточкасынан жарты миллион теңгеден астам ақшасының жоғалғаны туралы арызданды.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Осылайша тәртіп сақшылары орын алған жайттың толық мән-жайын анықтауға кірісті. Жедел іздестіру жұмыстары жүргізіліп, куәгерлерден сұрақ жауаптар алынды. Атқарылған шаралардың нәтижесінде небары бір күн ішінде күдіктінің ізіне түсті.
Яғни тергеп-тексеру барысында белгілі болғандай күдікті әйел мен жәбірленуші әріптес болған. Олар бір-бірінің жеке мәліметтерін жақсы білген. Соны пайдаланған күдікті әйел жәбірленушінің банк карточкасынан ақшаны оп-оңай шешіп алған. Сондай-ақ ол ақшаның біршамасын өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
Ұсталған әйелден айғақты зат ретінде соманың бір бөлігі алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бүгінгі таңда күдіктінің бас шарасы қолхатта. Аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңыз банк карточкаларыңызға, әмияндарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Қалта ұрыларының көзіне түспес үшін бағалы заттарыңызды көрсетпей, аузы жабық сөмке ішіне салып қойыңыздар деп кеңес береді.