Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының тұрғыны өз ұлын учаскелік инспектордың есімімен атайды

Түркістан облысының тұрғыны өз ұлын учаскелік инспектордың есімімен атайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кентау қаласының маңындағы ауылдардың бірінің жергілікті тұрғыны Виталий Барабаш өзінің екінші ұлының есімін Кентау қалалық ПБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Темірханұлының атымен атайды. Өйткені ол Виталидің отбасына бүгінгі күнге дейін жақынындай жәрдем беріп келеді. Оған қоса жұбайы ұлын босанар кезде жедел әрекет етіп, қызметтік көлігімен перзентханаға жеткізуге көмектескен.

Оқиға 2019 жылдың күз мезгілінің ортасында болған. Кешқұрым учаскелік инспектор Нұрбол Темірханұлына Үшқайық ауылдық округінің тұрғыны көмек сұрады. Ер азамат босануға тиіс әйелімен бірге жедел жәрдемге жете алмай тұрғындығын жеткізді. Полиция қызметкері әріптесімен бірге көрсетілген мекенжайға жарты сағат ішінде жетті. Олар ауыл тұрғыны мен оның жүкті жұбайын қызметтік автокөлікке отырғызып, Кентау қаласындағы перзентханаға алып бару үшін бағыт алды.

Алайда, жол жөнекей болашақ анаға бірден жедел медициналық көмек қажет болды. Себебі оның толғағы басталған еді. Полиция қызметкерлері саспастан қызметтік көлікте болса да әйелді аман-есен босандырып алды. Яғни болашақ ана Түркістан қаласына кіре беріс жерде қызметтік көлікте, полицейлердің көмегімен өмірге шекесі торсықтай ұл әкелді. Содан соң келген жедел жәрдем бригадасы жаңа туған нәрестені анасымен бірге облыс орталығының ауруханасына алып кетті.

Бүгінгі таңда ана мен баланың денсаулығы жақсы. Биыл сәби бір жасқа толып отыр. Балақай өз қылығымен ата-анасын қуантып келеді, ата-анасы оны полицейдің құрметіне “Нұрбол” деп айтып, еркелетеді.

Учаскелік полицей Нұрбол Темірханұлы қазіргі уақытта өмірлік қиын жағдайға тап болған ерлі-зайыптыларға көмек көрсетіп келеді. Яғни отағасының бүгінде денсаулығы жоқ болғаннан соң жұмысынан да босап қалған, тұрғылықты үйі де жоқ. Өз кезегінде учаскелік инспектор оларға осындай қиын жағдайда да қалдырмай, барынша қолғабыс етуде. Виталиге тұрғын үйді жалға алуға көмектесіп, азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырады. Виталий Барабаш пен оның отбасы учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Темірханұлына және Кентау қ.ПБ полицейлеріне көрсеткен көмегі мен қамқорлығы үшін шексіз алғысын айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру