Полиция бөліміне ішімдік ішкен жасөспірімдер жеткізілді
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы барысында полицейлер 16 мыңнан астам үйді тексеріп, екі мыңнан астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қыркүйектен бастап Түркістан облысының аумағында жергілікті полиция қызметінің полицейлері «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізуде. Оның негізгі мақсаты – учаскелік инспекторлары мен полицияның басқа да құрылымдарының қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтау, қылмыстардың жолын кесу және ашу, азаматтар арасында полицияның имиджін нығайту және халықпен тығыз сенімді қарым-қатынас орнату бойынша жұмыстарды жандандыру.
«Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары аулаларды және пәтерлерді аралап, базарларды, саяжайларды, жертөлелерді, құрылыс объектілерін және т.б. орындарды тексереді. Бұл жолы полиция қызметкерлері қару иелерін, сондай-ақ есепте тұрған адамдарды тексеруге, көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктерді анықтауға ерекше назар аударды.
Мысалы, Мақтаарал АПБ қызметкерлері рейд барысында 16 мыңнан астам үй мен пәтерді, сондай-ақ профилактикалық есепте тұрған 326 адамды тексерді. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін 1 475 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, «ұсақ бұзақылық» үшін – 91, алкоголь ішкені немесе қоғамдық орындарда мас болғаны үшін – 72 құқық бұзушы анықталды. Полиция бөліміне ювеналды полиция қызметкерлері 56 кәмелетке толмаған баланы, оның ішінде түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін 47 және алкоголь ішкені үшін үш жасөспірімді жеткізді. Арыс ауданында «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасының екі айында тәртіп сақшылары екі мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты, оның ішінде ҚР-да тіркеусіз немесе құжатсыз тұрудың 100-ден астам жайтын анықтады. Белгіленбеген жерлерде сауда жасағаны үшін учаскелік инспекторлар 112 адамды және басқа да құқық бұзушылықтар үшін 1 700-ден астам адамды жауапкершілікке тартты. Барлық анықталған жайттар бойынша полицейлер әкімшілік хаттама толтырды, ал жиналған материалдар тиісті орынға жолданды. Өз кезегінде облыс полицейлері ескертеді «Учаске» іс-шарасы ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады.