Ордабасылық полицейлер тұрғындардың құжаттарын қайта рәсімдеп берді
Ордабасылық полицейлер бірнеше ай ішінде 30-дан астам тұрғынның құжаттарын рәсімдеп беріп, табыстап қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ-нің бұйрығымен Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері КСРО құжатымен жүрген азаматтарға құжаттарын қайта рәсімдеп, дер кезінде тиісті көмекті көрсетуде. Осындай қуанышты жайт Ордабасы ауданында орын алды. Полицейлер аудан тұрғыны Ерғали Момынтаевтың бүгінгі күнге дейін қызыл құжатпен жүргенін анықтады. Оған ұйымдастырылып жатқан іс-шара барысында тиісті көмекті көрсетті. Өз кезегінде жергілікті тұрғын сапалы қызмет көрсетіп, құжатын уақытылы алуына көмектескен тәртіп сақшыларына алғысын жеткізді.
– Менің қызыл құжатымды ауыстырып, көмек көрсеткен полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Полицейлер өтінішімді дер кезінде қарап, құжаттарымды түгелдеп, аз уақыт ішінде қолыма тапсырды. Алғысым шексіз, – деді тұрғын.
Аудан полицейлерімен бірнеше ай ішінде 30-дан астам азаматтың құжаты жасалып, үйлеріне жеткізілген.
Айта кеткен жөн, ҚР ІІМ тапсырмасымен облыс аумағында құжатсыз жүрген адамдарды құжаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Яғни жеке куәліктерінің жарамды мерзімі асып кеткен сондай-ақ денсаулықтарына байланысты өз беттерімен жүре алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандар мен қариялардың құжаттарын ауыстыруға көмек көрсетілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.