Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Терезе торына басы қысылып қалған ер адамға полицейлер көмекке келді

Түркістан облысының полицейлері темір торға қысылып қалған ер адамды құтқарып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Арыс АПБ кезекші бөліміне аудан орталығындағы көп қабатты үйлердің бірінің кіреберісіндегі терезе торына ер адамның басы қысылып қалғаны туралы хабарлама келіп түскен. Хабар алысымен оқиға орнына бірінші болып Арыс АПБ патрульдік полицейлері Ерлан Ишанов және Қанат Сасаев келді.

Тәртіп сақшылары ер адамға көмек көрсету үшін темір торды кесіп, оны түскен “тұзағынан” босатты. Полицейлер зардап шегушіге су ішкізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.

Анықталғандай, көп пәтерлі үйдің тұрғыны Мақсат Нұрбасов пәтерден кіреберіске шығып, баспалдақпен төмен қарай түскен. Осы мезетте ер адамның қан қысымы көтеріледі. Содан соң құлап түсіп, азаматтың басы терезе торының арасына кіріп кеткен. Ол өзі әрекеттенгенімен, шыға алмаған.

Өз кезегінде, Арыс қаласының тұрғыны Мақсат Нұрбасов патрульдік полиция қызметкері Ерлан Ишанов пен Қанат Сасаевқа уақытылы көмек көрсеткеніне және өмірін құтқарғаны үшін алғысын білдірді.

– Сол күні мен өзімді нашар сезіндім, бірден қан қысымым көтеріліп кетті. Баспалдақпен түсіп келе жатып, көз алдым қараңғылана бастады, содан соң мен құладым. Көршілерге рақмет, олар көмекке полицияны шақырды. Көршілерім мен полиция қызметкерлері Ерлан мен Қанатқа алғысымды білдіргім келеді. Олар мені темір тордың құрсауынан шығарды. Содан соң ауруханаға бардым, дәрігерлер ешқандай асқынудың жоқ екендігін айтты. Тәртіп сақшыларына көп рақмет!, – деп Арыс ауданының тұрғыны полицейлерге ризашылығын жеткізді.

Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға сақ болуға және өз денсаулығының жай-күйін бақылауда ұстап жүруге кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру