Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысының полицейлері жол-көлік оқиғалары жиі орын алатын жол учаскелеріне талдау жүргізуде

Алматы облысының ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері «Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілдерімен бірлесіп, көлік апаттары жиі орын алатын жол учаскелерін арнайы құрылғылармен бақылап, жолдың сапасын тексеріп, көлік апаттарының орын алу себептерін анықтауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Бүгін облыс орталығындағы Абылай хан көшесі арқылы қалаға кіреберіс аумақ тексерілді. Жолды бағалау жұмыстары арнайы қондырғымен жабдықталған автомобильде жүзеге асырылады. Мәліметтер 50-ден астам параметр бойынша әр 100 метр сайын жазылып отырады. Жол қауіпсіздігі деңгейі бойынша рейтинг жасалады. Рейтинг деңгейі төмен болса, оны жоғарылату бойынша тиісті инвестициялық жобаны аталған институт өкілдері әзірлейді, – деп хабарлады облыстың ПД ӘПБ бастығының міндетін атқарушы Серікжан Әбжанов.

Автожолдарды бұл әдіспен тексеру тек қауіптілігі жоғары жерлерді анықтап қана қоймай, сонымен қатар барлық жол учаскелерін толық талдауға  мүмкіндік береді.

– Біз жолдардың сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп тұрамыз. Биыл жалпы қолданыстағы жолдарға 1 694 тексеру жүргізілді. Жол жөндеу мекемелеріне тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою туралы 1 705 нұсқама табыс етілді. Автокөлік жолдары мен жол құрылғыларын тиісінше күтіп ұстау бойынша талаптарды орындамағаны үшін 218 жол жөндеу  мекемесі мен жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деп толықтырды Серікжан Әбжанов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру