Мал ұрлығына қатысты ер адам ұсталды
Түркістан облысында учаскелік полиция инспекторлары мал ұрлаған адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғындар ұрлықтың құрбаны болғаны жөнінде арызданған. Онда мақта егістігінде жайылып жүрген алты бас сиырын белгісіз біреу ұрлап кеткенін көрсеткен. Өз беттерінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген. Жәбірленуші азаматтарға келтірілген шығын көлемі 2,5 миллион теңгеге жуық. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Оқиға орнына Шардара АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полицейлер жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден және көршілерден сұрастырып, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шардара АПБ ЖПҚ-нің учаскелік полиция инспекторлары мал ұрлаған ұрыны «ізін суытпай» ұстады. Өз кінәсін толық мойындаған күдікті, бұрын сотты болған Келес ауданының тұрғыны болып шықты. Бас шарасы қамауда. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Тергеу барысында анықталғандай күдікті азамат ұрланған ірі қара малдарды негізгі бағасының жартысына сатып жіберген. Содан соң ақшасын бас пайдасына жаратқан. Полицейлер сиырларды сатып алған тұрғынды анықтап, оның суреттеуі бойынша күдіктіні қолға түсірді.
Өз кезегінде мал ұрлығының құрбаны болған тұрғындар тәртіп сақшыларына алғыстарын айтты.
– Барша полиция қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Өз бетімізше іздеп көрдік, алайда нәтиже болмады. Содан соң тәртіп сақшыларының көмегіне жүгіндік. Олардың табанды еңбектерінің арқасында сиырларымызды таптық. Полиция қызметкерлеріне және басшыларына ризашылығымызды білдіреміз, – дейді тұрғын.
Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғындарына өз мүліктерін ұрылардан сақтауды және малын жайылымда қараусыз қалдырмауды ескертеді. Мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда тез арада полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласу керек, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпастан.