Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері экологиялық қылмыстардың жолын кесті

Түркістан облысының полицейлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бес экологиялық қылмыстың жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысы аумағында жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның негізгі мақсаты – браконьерлік деректерін анықтау, экологиялық қылмыстар мен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы басқа да құқық бұзушылықтардың жолын кесу.

Полицейлер «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша бес экологиялық қылмысты анықтады, оның ішінде заңсыз аң аулау бойынша үш жайт, балықты заңсыз аулауға қатысты екі жайт және тіркелмеген қаруды сақтау бойынша бір жайт анықталды.

Мысалы, рейдтік іс-шаралар барысында Кентау ҚПБ полиция қызметкерлері «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірге ҚР Қызыл кітабына енгізілген «қарабауыр бұлдырық» аулаған браконьерді ұстады. Түркістан қаласының тұрғындарынан тәртіп сақшылары «Қызыл кітапқа» енген құстардың денесімен 12 калибрлі аңшы мылтығын тәркіледі. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 337-бабы (Заңсыз аң аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Шардара ауданында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері қолдануға тыйым салынған «Қытай ау-торымен» жергілікті су қоймасында балық аулап жүрген екі балықшыны ұстады. Жетісай ауданының тұрғындарынан тәртіп сақшылары 100 метрден астам балық аулау торын, моторлы қайықты және 126 кг заңсыз ауланған балықты анықтады. Қазіргі уақытта браконьерлерге қатысты ҚР ҚК 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары 416 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 71-і аң аулау ережелерін бұзу, 111-і балық аулау ережелерін бұзу және 218-і азаматтық қару мен оның патрондарын сатып алу және сақтау тәртібін бұзу. Нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы сомасы төрт миллион теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды.

Түркістан облысы ПД ЖПҚ қызметкерлері рейд кезінде күдіктілерден барлығы 14 бірлік аңшы қаруы, үш моторлы қайық, 283 метр балық аулау торлары, сондай-ақ екі»Қызыл кітапқа енген құстардың» денесін, жабайы борсықтың жаңа сойылған етін, төрт қоян және 200 кг-ға жуық түрлі тұқымды балықтар тәркіленді.

Сондай-ақ, «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері тұрғындар арасында табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға жол бермеу және браконьерлік жағдайында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы профилактикалық және түсіндіру әңгімелерін өткізді. Сонымен қатар азаматтарды Қазақстан Республикасының табиғатын, жануарлары мен өсімдіктер әлемін қорғауға шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру