Үйінде қарасораны сақтаған бақташыны анықтады
СҚО полицейлері үйінде кептірілген қарасораны және аңшы мылтығын сақтаған 61 жастағы бақташыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
“Учаске” жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде аудандық және қалалық учаскелік полиция инспекторлары барлық елді мекендерді тексеруде. Полицейлер тұрғылықты жерлері бойынша барлық есепте тұрған адамдарды тексеруді жоспарлап отыр.
Тайынша ауданы ПБ Келлеровка поселкелік полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Виктор Пшеничный және Тайынша ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі Олжас Балтабай Липовка ауылында есірткі заттарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу фактісін анықтады. Екі түйіншек, үш сіріңке қорабы, өсімдік сабақтары, жарты стакан ерекше иісі бар өсімдік заты, сондай-ақ ысталған пластик бөтелке – бұның барлығы жалғыз тұратын 61 жасар бақташының үйінде табылды. Сондай-ақ, сол жерден “ИЖ-27” маркалы аңшы мылтығы және 16 калибрлі патрондар анықталды.
Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, ер адам Липовка а. мал бағуға жуырда орналасқан. Ол бұрын есірткі қылмыстарын жасағаны үшін жауапқа тартылған. Жабайы өсетін қарасораны шегу мақсатында жинап алып, дайындаған. Нәтижесінде заттар мен мылтық алынып, сот-химиялық, баллистикалық сараптамаларға жіберілді. Есірткі заттарымен өткізу мақсатынсыз жұмыс істеу фактісі ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан СҚО полицейлері заңсыз айналымнан 400 кг астам түрлі есірткі затын тәркіледі. Оның 350 кг астамы марихуана, 1кг 690 грамм – синтетикалық есірткі, сондай-ақ 372 грамм героин. “Учаске” іс-шарасы аясында полицейлер 180 мыңнан астам тексеріс жүргізіп, 9302 түрлі құқық бұзушылықты анықтады.