Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізуші мас күйде қайтадан көлік тізгіндеді
Түркістан облысының полицейлері көлік құралын басқару құқығынан айырылса да, мас халде көлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданының тұрғынын 2017 жылы түнгі сағат 02:00 шамасында Отырар ауданының көшелерінің бойында полиция қызметкерлері тоқтатқан. Содан ер азаматының көлікті мас халде басқаруына байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес сот қаулысымен жүргізуші куәлігінен үш жыл мерзімге айыру жазасы тағайындалған. Осыған қарамастан жасаған құқық бұзушылығын қайталап, көлік жүргізуге болмайтынын біле тұра өзінің басқаруындағы “ВАЗ 21074” маркалы автокөлігін алкагольдік мас халде басқару кезінде полиция қызметкерлеріне ұсталған.
Тәртіп сақшылары мас күйін анықтау үшін медициналық сараптама тағайындап, куәландырудың қорытындысында “орта” дәрежелі мастыққа жататыны туралы көрсетілген.
Демек, бұл тұрғын көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқаруы арқылы өзінің қылмыстық іс-әрекетімен ҚР ҚК-нің 346-бабында (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) көрсетілген қылмысты жасаған. Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша құжаттары аудандық сотқа жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне жол жүру ережелерін қатаң сақтау және мас күйінде рульге отырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ, жолдардағы жылдамдықтан асып кетпеу, маневр жасау ережелерін бұзу, қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және басқа да құқық бұзушылықтар жасамау керек. Жүргізушілер есіңізде болсын, сіздің өміріңіз ғана емес, сонымен қатар жолаушылар мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі де жол қозғалысы ережелерін сақтауға байланысты.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың басында жүргізушілердің көлікті мас күйінде басқарғаны үшін жауапкершілігі күшейтілді. Енді бұл үшін құқық бұзушыларға жеті жылға дейін жүргізуші куәлігінен айыру және 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу қаупі төніп тұр.