Екі облыстың ортасында заңсыз мал тасымалдаған азамат ұсталды
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны 160 бас қойды Павлодар облысына заңсыз тасымалдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы Май ауданының полицейлері «Мал ұрлау» жедел алдын алу іс-шарасы барысында «КамАЗ» жүк көлігін тоқтатты.
– Құқық белгілейтін құжаттарды тексеру кезінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, 36 жастағы жүргізушіден полицейлер ер адам заңсыз тасымалдаған 160 бас қойды анықтады. Ол тиісті құжаттарсыз жүрген, атап айтқанда ветеринарлық инспекция анықтамалары мен жануарлардың төлқұжаттары болмаған, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Нығметолла Қаббасов.
Аталған факті бойынша учаскелік полиция инспекторы материал жинап, ҚР ӘҚБК 406-бабына сәйкес шешім қабылдау үшін ветеринариялық инспекция комитетіне жіберді, енді тәртіп бұзушыға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Ер адам Шығыс Қазақстан облысында қойларды арзан бағамен сатып алғанын және оны өз шаруашылығы үшін тасымалдағанын түсіндірді.
Естеріңізге сала кетейік, жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерді тиісті құжаттаманың болуына және тасымалданатын малдың тиесілігін тексеру мақсатында тексеруге ерекше назар аударады. Мал және ет өнімдері сатылатын базарлар, сауда орталықтары тексеруден өтетін болады.