Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өмірі өнеге, ғұмыры ғибратты генерал

Полиция генерал-майоры Жеңісбай Сұлтанов 75 жасқа толды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Киелі Түркістан өңірінде дүниеге келген танымал тұлғалар аз емес. Олардың өмірі өзгелерге өнеге. Ғұмыры ғибратқа толы. Сондай тұлғалардың бірі – генерал-майор Жеңісбай Сұлтанов болып табылады.

Ол 1945 жылы Түлкібас ауданының Шақпақ ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 1974 жылы бастаған.

Жеңісбай Әбдікәрімұлы 1992 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер басқармасының (қазіргі Түркістан облысының Полиция департаменті) бастығы қызметіне тағайындалды.

1995 жылы оған Президент Жарлығымен «милиция генерал-майоры» арнаулы атағы берілді.

Генерал Жеңісбай Сұлтанов ішкі істер органдарында қызмет ету арқылы еліміздің құқықтық тәртібін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты. Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында лайықты қызмет атқарған Жеңісбай Сұлтанов Оңтүстік Қазақстан облысының, Шымкент қаласының және Түлкібас ауданының құрметті азаматы. Көптеген наградалар, грамоталар мен медальдардың иесі. Қазақстан Республикасы Президентінің «Алғыс хатымен» және ҚР Ішкі істер министрінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған.

2002 жылы Жеңісбай Әбдікәрімұлы құрметті зейнеткерлікке шықты. Алайда ішкі істер органдары саласынан қол үзген жоқ. Әлі күнге дейін полиция қызметкерлері өткізген маңызды іс-шараларға қатысып, кейінгілерге керекті ақыл-кеңестерімен, қауіпті қызметтің қыр-сырымен бөлісіп келеді.

Өз саласының шыңын бағындырған тұлға бүгін 75 жасқа толып отыр. Түркістан облысы Полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы мерейтой иесін құттықтай отырып, ардақты ардагерге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тілейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру