Төлеби ауданының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтаудың тағы бір дерегін анықтады
Түркістан облысында полицейлер марихуана сақтаған күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, контрабандалық жолмен әкелу және әкету, сондай-ақ есірткіні заңсыз сақтау мен өткізу фактілерін анықтау және жолын кесу жөніндегі жоспарына сәйкес Түркістан облысының полицейлері тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шараларын жүргізіп отырады.
Мысалы, Жетісай АПБ-нің қызметкерлері жыл басынан бері есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау және таратудың 18 дерегін анықтаған. Олар бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер жауапкершілікке тартылған.
«Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аудандық полиция бөліміне Жетісай қаласы тұрғындарының бірі есірткі сақтаумен айналысатыны туралы хабарлама келіп түсті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктіні аудан орталығындағы көшелердің бірінен ұстады. Жедел уәкілдер тінту кезінде ер адамнан «кептірілген марихуана» және басқа да заттай дәлелдемелерді тауып тәркіледі.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Тергеу оқиғаның барлық мән-жайларын анықтайды.
Одан бөлек, Төлеби ауданының полицейлері есірткі заттарын заңсыз сақтаудың тағы бір дерегін анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында Төлеби АПБ-нің қызметкерлері жергілікті тұрғынды ұстады. Тінту барысында ұсталған адамнан сіріңке қорабы және құрамында өсімдік тектес есірткі заты бар түйіншекті тәркіледі. Сараптамаға сәйкес, заттай дәлел ретінде тәркіленген есірткі заттары жалпы салмағы алты грамм болатын «кептірілген марихуана» болып шықты.
Жиналған материалдар ҚР ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша тіркеліп, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді. Нәтижесінде аудандық соттың қаулысымен сотталушы қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 55 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға есірткі заттарын сақтау және заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады, сондай-ақ азаматтарды зиянды әдеттерден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.