Тұрғынның үйіне ұрлыққа түскен ұры полицияға жеткізілді
Түркістан облысының полицейлері тұрғынның үйіне ұрлыққа түскен күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында ауласында тұрған құны 50 мың теңге болатын велосипедін белгісіз азамат жасырын ұрлап кеткенін көрсеткен.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, бірден күдіктіні іздеуге кірісті.
Қылмысты ашу мақсатында аудандық полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлер қатарынан жедел-тергеу тобы құрылды.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Шардара АПБ қызметкерлері күдіктіні жергілікті мекен-жайынан ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Тергеу барысында жігіттің бұдан бұрында жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексерілді. Нәтижесінде күдіктінің тағы бір үйге заңсыз кіріп құны 15 мың теңге тұратын қазанын жымқырып кеткені белгілі болды. Жалпы жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 65 мың теңгені құрайды.
Күдікті кінәсін мойындап, ұрлаған заттарды дүкендердің біріне бес мың теңгеге сатып жібергенін айтты. Ұрланған велосипед пен қазанды полицейлер заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайттар бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұрын сотты болған ер азамат қамауға алынды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қырағы болып, өздерінің бағалы мүліктерін сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдау қажеттілігін ескертеді. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.