Заңсыз қару сақтаған азамат жауапкершілікке тартылды
Қарағанды облысының тұрғыны заңсыз қару сақтағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24 қарашада Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлеріне осы ауданның ауылдарының бірінің тұрғынының заңсыз мылтық сақтап жүргені туралы ақпарат келіп түсті.
Ақпаратты тексеру кезінде заңсыз қару сақтау фактісі расталып, полиция қызметкерлері 33 жастағы жергілікті тұрғыннан тіркелмеген және тиісті рұқсатсыз сақталған «ИЖ» маркалы тегіс ұңғылы аңшы мылтығын тәркіледі.
Ауыл тұрғынының айтуынша, ол аталған қаруды жақында далалықтан тауып алған.
Бұл факт бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құқық бұзушыға сот шешімімен 55 мың теңге көлеміндегі айыппұл салынды.