Жас жігіт біреудің көлігін заңсыз иемденгені үшін жауапқа тартылды
Қарағанды облысында қымбат бағалы автокөлікті заңсыз иемденген жас жігіт қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қарашада Қарағанды облысының Теміртау қаласы ПБ Шығыс полиция бөліміне 52 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгісіз біреудің автокөлігін заңсыз ұрлап кеткендігі туралы шағымданған.
Қаладағы көлік жөндеу шеберханаларының бірінде жөндеуге қойылған көліктің есігі ашық тұрғандығын пайдаланған белгісіз біреу көлікті айдап әкеткен. Келтірілген шығын көлемі 7 миллион теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданына қарасты елдімекендердің бірінен аталған көлікті айдап жүрген 22 жастағы жас жігітті ұстады.
Күдікті қылмысын мойындап, автокөлік иесіне қайтарылды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 200-бабымен (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) қылмыстық іс қозғалып, тергеу жалғасуда.