Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда құқық қорғау органдарының ардагерлері спорттық жарыстарда бақ сынады

Павлодарда құқық қорғау органдарының ардагерлері спорттық жарыстарда бақ сынады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ардагерлер күні қарсаңында Павлодар облысы полиция департаментінің "ARLAN" спорт клубында құқық қорғау органдарының ардагерлері арасында шағын футбол мен үстел теннисінен жарыстар ұйымдастырылды.

Спорттық шараға Павлодар облысы полиция департаментінің, Ақсу қаласының, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және мамандандырылған күзет қызметі басқармасының атынан төрт команда қатысты.

Жарысқа қатысушылар спорттық шеберліктерін көрсетіп қана қоймай, командалық ауызбіршілік, өзара қолдау мен жеңіске деген жігер танытты.

Шағын футболдан өткен сайыста командалар жүлделі орындар үшін тартысты бәсекеге түсті. Нәтижесінде бірінші орынды Павлодар облысы полиция департаментінің ардагерлер командасы иеленді. Екінші орын Ақсу қаласының ардагерлеріне бұйырса, үшінші орын қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің командасына берілді.

Жарыс қорытындысы бойынша жекелеген ойыншылар да арнайы номинациялармен марапатталды.

"Үздік шабуылшы" аталымы Нұртай Идрисовке (ҚАЖД), "Үздік ойыншы" атағы Рустам Мналимовке (Мамандандырылған күзет қызметінің ардагері), "Үздік қорғаушы" номинациясы Руслан Кизатовқа (Ақсу қаласы ПБ ардагері), ал "Үздік қақпашы" атағы Болат Ахметовке (облыстық ПД ардагері) берілді.

Үстел теннисінен өткен сайыс та тартысты өрбіді. Нәтижесінде бірінші орынды мамандандырылған күзет қызметінің ардагері Марат Алибеков иеленді. Екінші орын қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ардагері Ниязбек Оразалиновқа бұйырды. Ал үшінші орынды ҚАЖД ардагері Марат Байгужинов пен мамандандырылған күзет қызметінің ардагері Владимир Долматов өзара бөлісті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамоталар, кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру