Карантин талаптарын бұзған 1000-ға жуық кәсіпкер анықталды
Атырауда карантин режимінің талаптарын бұзған 1000-ға жуық кәсіпкерлік нысаны анықталды, – деп хабарлады Polisia.kz.
Олардың арасында ойын-сауық орындары мен сұлулық салондары, монша, дүкен, т.б. кәсіпкерлік нысандары бар.
Атырау облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 20 қазандағы №69 қаулысына сай ойын – сауық орындарының қызметі 22.00-ге дейін, азық- түлік дүкендерінің қызметі сағат 23.00-дейін шектелген.
Соған қарамастан Атырау қаласында тек жұма-сенбі күндері полиция қызметкерлері мобильдік топ құрамында рейдтер өткізу кезінде бірнеше құқық бұзушылықты анықтады.
Атап айтқанда, Студенттер даңғылында орналасқан «Лифт» мейрамханасы, Авангард-4 ықшам ауданында орналасқан «Эсперанзо» дәмханасы, Вокзал маңында орналасқан «Донер» дүңгіршегі, Водник кентінде орналасқан «Бегіс» азық-түлік дүкені, М.Горький көшесінде орналасқан «Рыба моей мечты» караоке клубы, С.Датов көшесінде орналасқан «Атамекен» моншасы белгіленген уақыттан тыс жұмыстарын жалғастырып, карантин режимін бұзған.
Анықталған кәсіпкерлік нысандарының ішінде бұған дейін де карантин режимін бұзып, ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, қайталап құқық бұзғандар бар. «Лифт» мейрамханасы осы уақытқа дейін үш рет, «Рыба моей мечты» караокесі жеті рет карантин тәртібін бұзып, сағат 22:00-ден кейін жұмыс істеген. Қазіргі уақытта аталған мекемелердің иелеріне қатысты жиналған құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды.
Шілде айынан бері Атырау қаласында карантин тәртібін бұзған 1000-ға жуық кәсіпкерлік объектісіне 75 млн. теңгеге айыппұл салынды.