Адам тонаған күдікті ұсталды
Қарағандылық полицейлер көпқабатты үйдің кіреберісінде адам тонаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 желтоқсанда Қарағанды қаласы ПБ Октябрь полиция бөліміне көп пәтерлі үйдің кіреберісінде тонау болғаны жөнінде хабарлама түсті.
Оқиға орнына бірінші болып жеткен патрульдік полиция қызметкерлері 34 жастағы жәбірленуші әйелдің көп пәтерлі үйдің дәлізіне кірген кезде, оған күтпеген жерден белгісіз біреудің шабуыл жасағанын анықтады.
Күдікті әйелдің ұялы телефоны мен ақшасы салынған сөмкесін жұлып алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Келтірілген шығын мөлшері 20 мың теңгені құрады.
Жәбірленуші полиция қызметкерлеріне 30-35 жас аралығындағы күдіктінің сыртқы белгілерін сипаттады.
Криминалдық полиция қызметкерлері патрульдік полиция қызметкерлерімен бірге жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде 35 жастағы күдіктіні ұстады, ол қылмысын мойындады. Айғақ заттар алынды.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.