Зейнеткерге тиесілі ақшаны қолды қылған азамат құрықталды
Қарағандыда банктердің бірінде зейнеткердің ақшасын ұрлаған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
3 желтоқсанда 70 жастағы зейнеткер Қарағанды қаласы ПБ Октябрь полиция бөліміне хабарласып, белгісіз біреудің оның 60 мың теңгесін ұрлап кеткенін айтып шағымданды. Зейнеткер банкте отырған кезде ақшасын қасындағы орындыққа қойған. Жәбірленушінің назары басқа жаққа ауған сәтін пайдаланған белгісіз біреу ақшаны алып, оқиға орнынан тез кетіп қалған.
Бұл факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қаржы мекемесінде орнатылған бейнекамераның жазбасы бойынша полиция қызметкерлері ұрының жеке басын анықтап, жас шамасы 35-40 жас аралығындағы күдіктіні іздеуге кірісті.
5 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған 36 жастағы күдіктіні ұстап, ол қылмысын мойындады.