Қарағандылық үш тұрғын гаражға ұрлыққа түскен
Қарағандыда қала тұрғынының гаражына ұрлыққа түскендер ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
27 қарашада Қарағанды қаласы ПБ Михайлов полиция бөліміне 28 жастағы қала тұрғынынан ұрлық фактісі бойынша арыз түсті. Жәбірленуші белгісіз біреулердің оның гаражына кіріп, есіктің құлпын бұзып, автокөлік бөлшектері мен ыдыс-аяқтарын ұрлап кеткенін хабарлады.
Келтірілген шығын мөлшері 800 мың теңгені құрады. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиға болған жерді тексергеннен кейін полиция қызметкерлері ұрылардың бірнеше адам болғаны туралы қорытындыға келді. Олар ұрланған заттарды көлікке артып, оқиға орнынан жылдам кетіп қалған.
6 желтоқсанда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 25-28 жас аралығындағы үш күдіктіні ұстады. Олар қылмысын мойындады.