Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық тәртіп сақшылар қаза тапқан полицейдің отбасына барды

Түркістандық тәртіп сақшылар қайтыс болған полицей әйелдің отбасына барып, қайырымдылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысының тәртіп сақшылары алты ай бұрын денсаулығына байланысты өмірден озған әріптестерінің отбасына арнайы барып, жақсылық жасап, игі іске ұйытқы болды. Нақтырақ айтсақ, қайтыс болған полицей Жанар Олжатаева 1987 жылы Отырар ауданында дүниеге келген. Ол өзінің ішкі істер органындағы қызметін 13 жыл алдын бастаған. Сол уақыттан бері қиын да, абыройлы қызметтің нағыз маманы ретінде өз міндетін жауапкершілікпен атқарған.

Түркістан ҚПБ-да уақытша ұстау изоляторының полицейі қызметін істеп, өзінің іскерлігімен көзге түскен. Ал, 2018 жылдан бері соңғы демі таусылғанша ТО ПД-нің Ғимаратты күзету бөлімшесінің полицейі болған. Осылайша қызмет бабындағы еңбегі басшылық тарапынан еленіп, бірнеше марапат пен мадақтарға қол жеткізген. Бүгінде оның артында 12 жастағы Венера есімді қызғалдағы қалды.

Осыған орай қызметтес жолдастары жалғызбасты ана болған әріптесінің артында қалған қызына, бүгінде оған ата-ана болып отырған сіңлісінің төрт бала-шағасына деп қаражат жинап, жаңа қыстық киімдер апарып берді. Оған қоса, мерейлі мерекемен құттықтай отырып, күнделікті қажетті азық-түліктер жеткізді.

Өз кезегінде әпкесінің көзіндей болған полицейлерге Анар шынайы ризашылығын білдірді:

– Әпкемді ұмытпай, елеп-ескеріп келген әріптестеріне рақмет. Артында қалған қызы және менің отбасыма әкелген базарлықтарына үлкен алғыс. Жұмыстарыңыз алға баса берсін!, – деп алғысын жаудырды.

Атап өтер жайт, Түркістан облысы ПД-нің басшылығы қайтыс болған қызметкерлердің ешқайсысын назардан тыс қалдырған емес, олардың отбасыларына полицейлер осылай тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру