Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Пробация есебіндегі азамат өз кәсібін ашуға мүмкіндік алды

Алматы облысы Талдықорған қаласының пробация қызметінде есепте тұрған сотталған азамат 1 000 000 теңге көлемінде грант ұтып алып, өз бизнесін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы бойынша ҚАЖД пробация бөлімі Алматы облысы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасымен бірлесіп пробация қызметінде есепте тұрған сотталғандарға кәсіпкерлік жобаларын іске асыру үшін бір млн теңге мөлшерінде грант бере отырып, «Екінші мүмкіндік» жобасын іске асырды. Жоба ұйымдастырушысы «Азат» үкіметтік емес ұйымы болып табылады.

Қатысушылар «Әлеуметтік кәсіпкерлік» бағдарламасы аясында «Өз әлеуметтік бизнесіңді баста» деп аталатын оқу курсын аяқтады.

Оқу аяқталғаннан кейін комиссия мүшелеріне сотталған азаматтар дайын жобаларын ұсынды. Комиссия мүшелерінің басым көпшілігінің дауысын жинаған пластик терезелер мен есіктерді дайындауға арналған жабдықтарды сатып алу туралы жобаны ұсынған  сотталған азамат 1 000 000 теңгелік гранттың иегері атанды.

– Талдықорған қаласындағы пробация қызметінің және жалпы Алматы облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлеріне осындай қиын уақытта өз бизнесімді ашуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Маған металл пластик терезелер мен есіктер шығаратын станоктар сатып алуға көмектесті, маған сенгендеріңіз және конкурсқа қатысуға жолдама бергендеріңіз үшін үлкен рахмет. Әрине, жеңу оңай болған жоқ. Мен өз кәсібімді ашқаныма қуаныштымын, – деді пробация есебіндегі азамат.

Алматы облысында пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға мемлекеттен қайтарымсыз гранттар беру жыл сайынғы дәстүрге айналған.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы аталған грантты қазіргі уақытта шиналарды монтаждау бойынша өз бизнесін дамытып отырған сотталған азамат иеленген еді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру