Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі Сайрам ауданының учаскелік пунктерін аралады

Түркістан облысының бас полицейі Сайрам ауданының учаскелік пунктерін аралады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін көтеруді және қолжетімді полиция қағидаты бойынша жұмыстарын атқаруына тоқталып, полиция қызметіне тұтас реформа жүргізу қажеттілігіне назар аударған болатын. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты атқаруда Түркістан облысы Полиция департаментімен ауқымды шаралар атқарылуда. Яғни Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков облысқа қарасты аудандардағы учаскелік полицейлермен кездесіп, күрделі жөндеуден өткен полиция пунктерін аралап, қызметкерлердің жұмысын қадағалауда.
Бұл жолы бас полицей Сайрам ауданына ат басын тіреді. Онда жақында ғана күрделі жөндеуден өткен учаскелік полицияның тірек пунктерінің жұмысын көрді. Тұрғындармен тікелей тілдесіп, учаскелік инспекторлармен бетпе-бет жүздесті. Сайрам ауданындағы №5 және №6 тірек пунктеріндегі жауапты учаскелік полицейлерге халыққа жақын және кері байланыс болу керектігі бойынша нұсқамалар берді.

– Облыс көлеміндегі барлық учаскелік тірек пунктері ҚР ІІМ талабына сай болуы тиіс. Бұл ретте жөндеуді қажет ететін ғимараттар жөнделіп, учаскелік полиция инспекторларының халықпен кері және тығыз байланыста болып, қылмыстардың алдын алуы үшін барлық жағдай жасалатын болады. Полицейлерден талап етілетіні өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып, қызметіне әрқашан адал болуы, – деді ТО ПД-нің бастығы Қайрат Дәлбеков.


Айта кетейік, жақында ғана Түркістан облысының үздік учаскелік полицейлері ҚР ІІМ-нің тарапынан қызметте үлгілі көрсеткіш көрсеткендері мен ерліктері үшін арнайы алғыс хаттармен Нұр-Сұлтанның төрінде марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру