Үздік анықтаушы марапатталды
Шымкент қаласының Полиция департаментінде Тәуелсіздік күніне орай үздік анықтаушы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі мерекесіне орай Шымкент қаласының Полиция департаментінде қызметте үздік нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер марапатталды.
Олардың бірі – Шымкент қаласының ПД Анықтау басқармасының анықтаушысы Ағабек Күлжанов. Үздік анықтаушы Ағабек Берікұлы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтің бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолында адал еңбек етіп келе жатқан тәртіп сақшысы ішкі істер органдарында 10 жылдан астам уақыт қызмет атқарады. Осы уақыт ішінде ол бірнеше рет ҚР Ішкі істер министрлігі мен Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы наградаларына ие болған.
Әрқашан өз жұмысын үлкен жауапкершілікпен орындайтын полицей Қазақстан халқын атаулы мерекемен құттықтап, алдағы уақытта да халыққа адал қызмет ететіндігін жеткізді.