Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сын сағатта қызметін адал атқарған полицейлер марапатталды

Түркістанда сын сағатта өз қызметін адал атқарған полицейлер Нұрлан мен Нұрбол Нұр-Сұлтанның төрінде марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ағымдағы жыл Түркістан облысы Полиция департаментінің сақшылары үшін сынға толы жылдардың бірі болды десек қате емес. Өйткені жыл басынан бастап аты жаман пандемия, Өзбекстандағы су бөгетінің жарылып, бірнеше елді мекеннің су астында қалуы және соның салдарынан алты мыңнан астам тұрғынның баспаналарынан айырылуы, одан қала берді шілде айында Шорнақ ауылындағы бұзақылық әрекеттер орын алған облыс халқын дүр сілкіндірген оқиға. Осы секілді төтенше жағдайлардың бәрі де Түркістан облысы Полиция департаментінің жеке құрамына сын болды. Алайда киелі өңірдің тәртіп сақшылары мойымай, қайта одан сайын өздерінің кәсібилігін шыңдай түсті. Елге деген патриот сезімдерін сын сағаттарда паш ете білді. Яғни Шорнақ ауылында болған оқиғада жанжалды ушықтырмай, жарақат алса да арасында жүріп, ауыл тұрғындарын сабырға шақырған учаскелік полиция инспекторы Нұрлан Құралбаев пен өткен жылы жүкті әйелді қызметтік көлігінде босандырып алып, ана мен баланың аман қалуына бар жағдайды жасаған және сол отбасыны өз қамқорлығына алып, әлі күнге дейін көмек қолын созып жүрген учаскелік полиция инспекторы Нұрболат Темірханұлы 16 желтоқсан ҚР Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтанның төрінде марапатталып қайтты. Олардың кеуделеріне ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жарқыратып «Ерлігі үшін» медалін тақты.

Кеудесіне ерлігі үшін медалін тағынған сарбаздар: – Отан үшін әрқашан алдыңғы шепте қызмет етуге әрқашан дайынбыз! Бастысы елімізде ешқандай зұлмат соғыс пен қастандық болмасын. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын! Қазақстанымыз мәңгі жасасын!, – деді.

Біз де өз кезегінде дүйім жұртты маңызды мерекелердің бірі Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз! Еліміздің егемендігі мәңгі болғай!

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Нұрлан Шыныбаев :

    Құтты болсын жігіттер, полиция қызметінің абыройын әрдайым асқақта беріңіздер, басқаларға үлгі болатындай еткен адал қызметтеріңіз әрі қарай жалғасып, халықтың полицияға деген сенімін нығайта беріңіздер!!!

Жауап қалдыру