Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетті
Ақмола облысы бойынша ҚАЖД ЕЦ-166/24 мекемесі әкімшілігі Тәуелсіздік күні қарсаңында қайырымдылық шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Егемен Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында қайырымдылық шарасы өтті.
Ақмола облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЕЦ-166/24 мекемесі қариялар мен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнап қайырымдылық шарасын өткізді. Мекеме қызметкерлері азық-түлік пен киім-кешек таратып, қаржылай көмек көрсетті. Кездесуде қызметкерлер балаларды 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтап, өткізілген шараның мақсаты балалармен қарияларға қуаныш сыйлау екенін жеткізді. Болашаққа сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.
– Балаларға қамқорлық көрсетіп, олардың бойына мейірімділік, қайырымдылық ұғымдарын қалыптастырғымыз келді. Жеткіншектерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулуға үлес қосуды мақсат тұттық, – дейді мекеме бастығының орынбасары Дархан Мурзабеков.
Айта кетейік, мекеме қызметкерлерімен қайырымдылық акциясы жыл сайын ұйымдастырылып келеді.