Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде марапаттау рәсімі өтті

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

15 желтоқсанда Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірқатар қызметкерлерді салтанатты түрде марапаттады.

Жеке құрамды Тәуелсіздік мерекесімен салтанатты түрде құттықтаған Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев қызметтік міндеттерін адал атқарған әріптестеріне алғыс айтты:

– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі – қазақ халқының ең басты мерекелерінің бірі. Сіздер осындай айтулы күн қарсаңында ерекше марапатқа ие болып отырсыздар. Бұл Сіздердің Ақтөбе облысының Қылмыстық- атқару жүйесі саласының дамуына өз үлестеріңізді қосып келетіндіктеріңіздің көрінісі. Сіздер сонымен қатар, елімізде орын алған төтенше жағдай кезінде де нәтижелі қызмет атқардыңыздар. Ендеше, алдағы уақытта да баршаңыздың қызметтік борышты адал атқаратындарыңызға сенімдімін!, – деді Алмас Шамишев.


Қызметтік міндеттерін адал атқарып, қызмет барысында жоғары көрсеткіштерге ие болғаны үшін және ҚР Тәуелсіздік күніне орай, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің арнайы есеп тобының бас маманы Алмагүл Қарымсақова «Қылмыстық- атқару жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің кадр саясаты бөлімшесінің бас маманы Мейрамгүл Құрманбекова ІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасында әлеуметтік-психологиялық және тәрбие жұмысы тобының бас маманы әділет капитаны Руслан Тулегенов «Қылмыстық- атқару жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Іс-шара барысында Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ ардагерлер кеңесінің төрағасы Сақыпкерей Баймагамбетов, сала ардагерлері Есет Бекенов, Еразмагамбет Долбаев және Дариға Сарышеваны медальдармен марапаттады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің грамотасымен КА-168/3 мекемесінің жасақ бастығы Бекарыс Ершекенов марапатталса, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің алғыс хатымен Ойыл аудындық пробация қызметінің инспекторы Асхат Салик марапатталды. Бұған қоса, Хромтау аудандық пробация қызметі бөлімінің аға инспекторы Алтын Аққазиеваға Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігінің алғысы жарияланды.

Мереке қарсаңында, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаменті ҚАЖ департаментінің қызметкерлері Рахымжан Ермаканов және Камбар Кадралинді құрметті зейнеткерлікке салтанатты түрде шығарып салды.

Құрметті зейнеткерлік демалысына абыроймен шыққан сала ардагерлерін құттықтаған Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Илюпов ардагерлерге алғыс айтып, отбастарына амандық тіледі.

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздік мерекесін атап өтуге орай 12 желтоқсан күні Ішкі істер органдарында қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза болған қызметкерлерді еске алуға арналған Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері және сала ардагерлері арасында волейболдан достық кездесу өткен болатын. Кездесу барысында үздік ойынмен көзге түскен ойыншылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру