Пәтер алаяғы ұсталды
Қарағандылық полицейлер ақпараттық технологиялардың көмегімен қылмыс жасаған Ақмола облысының тұрғынын ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараша айында Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне алаяқтың құрбаны болған екі жәбірленушіден арыз түскен.
Алаяқ интернет желісіндегі сайттардың біріне жалға пәтер берілетіні туралы хабарлама қалдырып, жалға алушыларға алдын ала төлем жіберу туралы талап қойған. Мәселен, пәтерді жалдап алмақшы болған 33 жастағы қарағандылық тұрғын хабарлама иесіне 18 мыңға жуық ақша жіберсе, 19 жастағы жәбірленуші алаяққа 53 мың теңге жіберген.
Аталған екі факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері аталған іске қатысы бар деген күдікпен Ақмола облысының 21 жастағы тұрғынын ұстап, ол қылмысын мойындады.
Ұсталған азаматқа қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.