Полицейлер тұрғынға құжатын рәсімдеуге көмектесті
Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғынға құжаттарын рәсімдеуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасына жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, өзінің құжаттарын рәсімдеу керектігі туралы өтініш білдіреді. Өтебаева Бағдагүлдің айтуынша, ол Қарақалпақстанның тумасы, 2003 жылы отбасымен бірге тарихи отанына көшіп келген. Ескі үлгідегі төлқұжатының жоғалуы мен қаржылық қиындықтарға байланысты бұл күнге дейін жеке куәлік алмаған.
Көші-қон полициясы басқармасы әйелге жаңа құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетуге бірден кірісті. Тәртіп сақшылары тиісті мекеме өкілдері мен қызметкерлерінің қатысуымен жоғалған құжаттың көшірмесін және Өзбекстан Республикасының елшілігінен «Азаматтығының жоқтығы туралы» анықтамасын алдырған.
Бұдан әрі заңнамада белгіленген мерзімде құжаттар рәсімдеуден өтіп, азаматша Өтебаева Бағдагүлге полицейлер «ҚР азаматтығы жоқ адамдардың» куәлігін табыс етті. Алынған құжаттардың арқасында жергілікті тұрғын Қазақстан азаматтығын қабылдау бойынша құжаттарды жеңілдетілген тәртіппен тапсыра алады.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана Түркістан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасына жағдайды түсініп, қамқорлық көрсеткеніне, жалпы қолдау білдіргеніне шынайы алғыс білдірді.