Тұрғындарды 1,5 миллион теңгеге алдап кеткен әйел ұсталды
Түркістан облысында түрлі жайтпен тұрғындарды алдап, 1,5 миллионға жуық шығын келтірген күдікті әйел ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша сырттай танысы алаяқтық жолмен сеніміне кірген. Содан соң аз пайызбен несие алып беремін деп уәде беріп, 50 мың теңге ақшасын алған. Оған қоса әр адамға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек ретінде екі баласына және өзіне 1 500 000 теңге жәрдемақы шығарып беретінін айтқан. Осыған байланысты 270 мың теңге ақшасын алып, уәдесін орындамағанын, не ақшасын қайтармағанын көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 320 мың теңге. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында Сайрам АПБ-да тәжірибелі полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды, олар бірден алаяқты іздеуге кірісті. Жедел-іздестіру іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері күдікті ретінде Түлкібас ауданының тұрғынын құрықтады. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті әйелдің бас шарасы қолхатта.
Тергеу барысында одан бөлек тағы бір тұрғыннан алаяқтық жолмен көп мөлшерде ақша алғаны анықталды. Онда жәбірленуші азаматтың әйелін ауылдардың біріндегі мектепке математика пәнінің мұғалімі жұмысына орналастырып беремін деп сеніміне кірген. Содан соң одан алаяқтық жолмен 1,1 миллион теңге ақшасын алған. Қомақты қаржыны бас пайдасының қажеттілігіне жаратқан. Бүгінгі күні күдікті өз кінәсін толығымен мойындап, ақшаларды өз иелеріне қайтарып беретіндігін айтты.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға көп мөлшердегі ақшаны сеніп тапсырмаңыз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.