Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалар үйінің тәрбиеленушісі полицейлердің қызметімен танысты

Отбасылық үлгідегі «Жанұя» ауылының 17 жастағы тәрбиеленушісі Людмила Шохман полицейлердің қызметімен танысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Людмила бала кезінен полицей болуды армандайды. Ол бұл туралы Аяз атаға хат жазып, арманын орындауды сұраған. Қостанайлық тәртіп сақшылары оның арманын орындауға көмектесіп, полиция қызметкерлерінің жұмысымен таныстырды. Ол қазір ҚР ІІМ академиясына оқуға түсуге дайындалып жүр.

Людмила Шохман балалық шағындағыдай жаңа жыл қарсаңында Аяз атаға хат жолдап, болашақ мамандығы туралы арманын жазған. Келесі жылы Людмила мектепті бітіріп, полиция қызметкері болу үшін ІІМ оқу орнынан оқуға түсуді мақсат еткен.

17 жастағы Людмила қазірдің өзінде NOMAD MMA бойынша Әлем чемпионатының қола жүлдегері және әскери қоян-қолтық ұрыс бойынша спорт шебері.

– Құрметті Аяз ата! Мен 2021 жылы мектеп бітіретін түлек болғандықтан, менің алдымда мамандық таңдау міндеті тұр. Менің арманым – полиция қызметкері болып, өз Отанымды қорғауға атсалысу. Мен ІІМ жоғары мектебіне түскім келеді. Менің арманымды жүзеге асыруды сұраймын, – деп жазған Людмила.

Жас қыздың хатын оқыған Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Ардақ Ынтықбаев оны Департаментке шақырды. Ведомствода оған полицейлердің, оның ішінде Жедел басқару орталығының, жедел әрекет ету арнайы жасағының, кинологиялық қызметтердің жұмысын көрсетті, сондай-ақ ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу бойынша кеңес берді. 

– Сіздің полиция қызметкерінің мамандығын таңдағаныңызға қуаныштымын. Бізге мақсат қойғыш, перспективасы жоғары және спортшы адамдар керек, өйткені мамандық оңай емес. Ол үшін жақсы оқу керек. ІІМ Академиясына түсу үшін жеңілдіктер, гранттар бар, біз сені барынша қолдаймыз, – деп атап өтті ол.

Людмила тергеуші болғысы келеді, фильмдердің арқасында ол қылмыстарды тергеуді және ашуды ұнатады, сондықтан ол тергеушілердің жұмысымен жақынырақ танысты.

Тәжірибелі тергеуші Артем Ткаченко Людмилаға тергеушілердің жұмысы туралы айтып берді. Тәртіп сақшылары «Жанұя» үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлықтар беріп, келе жатқан жаңа жылмен құттықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру