Шолақ мылтық тәркіленді
Түркістан облысының полицейлері бұрын сотты болған азаматтан шолақ мылтық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданының ПБ кезекші бөліміне кешкі сағат 21:40 шамасында белгісіз біреудің қару ұстап жүргені туралы хабарлама келіп түскен.
Қазығұрттық полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркеді.
Қазығұрт ауданының ПБ криминалдық полиция қызметкерлері күдікті азаматты моншаның алдында тұрған жерінен ұстады. Қару ішкі істер органдарында тіркелмеген болып шықты.
Сонымен қатар шолақ мылтықпен бірге 12 калибрлі бір патрон алынды. Күдікті бұрын сотты болған. Аталған азамат қамауға алынды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға атыс қаруын қолдана отырып қылмыс жасағаны, сондай-ақ атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтағаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.