Түркістандық полицейлер тұрғындарға тосынсый жасады
Түркістандық полицейлер тұрғындарға тосынсый жасай отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Баршамызға белгілі санаулы күндерден кейін 2021 жыл кіргелі тұр. Ел баяғыдай Жаңа жылды тойлап, коронавирус індетінің таралуына жол бермес үшін түркістандық полицейлер маңызы зор іс-шара ұйымдастырды. Аяз ата мен Ақшақар болып киінген полицейлер бір топ әріптестерімен бірге қоржындарын сыйлыққа, медициналық бетпердеге толтырып жолға шықты. Халық көп баратын «Жеңіс» саябағы мен «Гүлдер» саябағына аялдап, ондағы тұрғындарға тосынсый жасады. Аяз атаға Жаңа жылдық тақпақтарын айтқан облыс орталығының кішкентай тұрғындарына ойыншықтар тарту етілді. Басқа да түркістандық тұрғындарға медициналық бетперде үлестіріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары әрбір тұрғынды мерекемен құттықтай отырып: – Жаңа жыл мерекесі құтты болсын! Отбасыңызға амандық тілейміз. Сондай-ақ, Жаңа жылдық іс-шараларды ұйымдастырмауды, той-жиындарда бас қоспаңыздар. Сыртқа шыға қалған жағдайда үнемі медициналық бетпердені тағып жүріңіздер, – деп атап өтті.
Ал, көлік жүргізушілеріне түрлі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жол қозғалысы ережесін сақтауға шықырып, карантин талаптарын орындауды ескертті.
Өз кезегінде мерекелік көңіл-күй сыйлаған тәртіп сақшыларына түркістандық тұрғындар алғыс білдірді.
– Біздің қауіпсіздігімізді ойлап, бетперде таратып жатқандарыңызға үлкен рақмет! Ал, мына сыйлықтарыңызға тіптен разымыз. Сіздердің де жұмыстарыңызға сәттілік. Жаңа жылда барлығымыз аман болайық, – деп шынайы ризашылықтарын жеткізді.
Иә, шынында өтіп бара жатқан 2020 жыл еліміз үшін оңай болмады. Әлемді дүрліктірген коронавирусқа байланысты қиындықтар туындады. Тұрғындардан бұрынғыдай адамдар көп шоғырланатын жерлерге шықпауы талап етілді. Осы бағытта полицейлер төтенше жағдай кезінде арнайы құрылған блок-бекеттерде жұмыс жасады. Одан бөлек, карантин кезінде мобильдік топпен бірге індеттің таралмауы мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шараларды атқарды. Бас санитариялық-дәрігердің нұсқауына сәйкес, карантин талаптарының сақталуын қадағалауға алды. Және бұл жұмыстар әлі де өз жалғасын табуда.
Сондықтан, құрметті тұрғындар өз денсаулығыңыз үшін әрдайым бетперде тағып, антисептик қолданып жүріңіз. Қандай да бір той-жиын, отырыстар ұйымдастырмаңыздар! Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда!