Алматы облысында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының үшінші кезеңі өтуде
Алматы облысында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасының үшінші кезеңі өтуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың дер кезінде алдын алу және жолын кесу мақсатында Алматы облысы бойынша 5 қаңтардан бастап «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.
– Алдын алу жұмыстарын жүргізуге екі мыңнан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Сонымен қатар, ТЖД қызметкерлері мен ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері де тартылды. Айта кету керек, бұл іс-шараның үшінші кезеңі, алғашқы екі кезеңі өткен жылдың желтоқсан айында өткізілген болатын, – дейді Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Барлық жерде күндізгі және түнгі уақытта жаяу патрульдеу маршруттары әзірленді.
– Жедел алдын алу іс-шарасы міндеттерінің бірі-есепке алынған адамдарды тексеру, пәтерлерді заңсыз жалға беретін адамдарды анықтау, қару иелерін тексеру және т. б. Сондай-ақ, тәртіп сақшыларының назары өзге де құқық бұзушылықтар мен қылмыстарды анықтауға және жолын кесуге аударылатын болады, – деп толықтырды Бағдат Әшімов.