Шардаралық полицейлер сиыр ұрламақ болған үш күдікті азаматты ұстады
Шардаралық полицейлер сиыр ұрламақ болған үш күдікті азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шардара АПБ-не жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, көршісінің қорасы жағынан күмән тудырған көлікті көргенін айтады.
Сұрастыру барысында үш бас сиырды ауылдың шет жағындағы қорадан, біреулердің «Газель» автокөлігіне салып жатқанын байқаған. Оқиға болған жерге жедел түрде жеткен учаскелік полицейлер оқиғаның қалай болғанын тұрғындардан сұрайды. Алайда, күдіктілер үш бас сиырды алып кете алмай, өздері бастарын алып қашқан. Көрген сәтте тұрғындар бірден полицейлерге хабар берді. Аталған жайтты полицйелер ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркеді.
Күдіктілерді табу мақсатында тәжірибелі тәртіп сақшыларынан арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекетке кірісті. Полицейлер жақын аймақтарды аралап шықты.
Бірнеше сағатқа жалғасқан жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде полицейлер «Газель» автокөлігінің нөмірі арқылы күдіктілердің ізіне түсті. Жинақталған ақпарат көздеріне сәйкес, ұрлықты жасаған үш жігіт болып шықты. Олардың екеуі жергілікті тұрғын болса, біреуі Сарыағаш ауданының тұрғыны екені анықталды.
Тергеу барысында анықталғандай таныс жігіттер сиырларды «Газель» автокөлігіне артып алып кетпек болған. Осылайша мал ұрлап сатпақшы болған жас жігіттердің ойы іске аспай, тәртіп сақшыларының қырағылы арқасында ұсталды.
Бүгінгі таңда күдіктілердің өздері кінәларын толық мойындады. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтар қамауда.
Өз кезегінде жәбірленуші егде жастағы азамат : – Полицейлерге ризашылығымды білдіремін! Себебі, олар менің үш бас сиырымды ұрламақ болған мал ұрыларын ұстады. Алғыс айтамын, жұмыстарына табыс тілеймін, – деп өзінің алғысын жаудырды.
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Сондай-ақ, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, қора-жайларыңызды мықтылап бекітіңіздер деп кеңес береді. Егерде, сіздің малыңыз жоғалып немесе ұрланса тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыздар.