Ішкі істер саласының ардагері назардан тыс қалмады
Қылмысты ашып, қылмыскерді құрықтауда 30 жылдан астам абыройлы қызмет атқарған Ішкі істер саласының ардагері назардан тыс қалмады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Садуахас Әділбеков 1964 жылы Түлкібас ауданы, Мақталы ауылында дүниеге келген. 1983-1985 жылдары әскер қатарында болып, Ішкі істер органдарында 1985 жылдан бастап қызмет атқарған. 1988 жылы Ресей Федарациясы ІІМ-нің Волгоград жоғарғы тергеу мектебіне оқуға түсіп, 1992 жылы «Құқықтану» және «Сарапшы-криминалист» мамандықтары бойынша жоғары тергеу мектебін үздік бітіріп шыққан. 1992-2019 жылдар аралығында криминалист, аға криминалист, бас криминалист, Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары, басқарма бастығы лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған. 2019 жылдың 31 желтоқсанында Түркістан облысы ПД Жедел-криминалистикалық басқармасы бастығының орынбасары лауазымында зейнеткерлікке шыққан.
Садуахас Қыдырәліұлы қызмет атқарған жылдары өзін сауатты, білімді, білікті, ынталы қызметкер ретінде көрсете білген. Облыс аумағында орын алған ауыр, аса ауыр қылмыстар бойынша оқиға орнын қарауға басшы ретінде шығып, заттай дәлелдер мен іздерді анықтау, табу, алу мен орау және оларға зерттеу жүргізу жұмыстарын сапалы және дұрыс ұйымдастырып, көптеген қылмыстардың ашылуына өз үлесін қосқан. Маман ретінде дактилоскопиялық, суық-қаруды криминалистикалық, трассологиялық, баллистикалық, құжаттарды криминалистикалық, қолтаңбатану, портреттік сәйкестендіру зерттеулерін жүргізген. Соның нәтижесінде Садуахас Қыдырәліұлы ҚР ІІМ және Түркістан облысы ПД басшылығы тарапынан бірнеше рет марапатталған.
Осындай білгені мен түйгені көп ардагерді Түркістан облысы Полиция департаменті Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкерлері, ізбасарлары Жаңа жылымен құттықтап, қара шаңырағына арнайы ат басын бұрды. Ел ағасына құрмет көрсетіп, сый-сыяпаттарын табыстап, отбасына амандық тіледі. Оның жедел-криминалистика саласындағы теориялық білімі мен ұзақ жылғы тәжірибесіне үлгі ретінде қарайтындықтарын жеткізіп, ақыл-кеңесін саналарына, жүректеріне сақтап алды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ.