Жоғалған әмиян иесіне қайтарылды
Түркістан облысының полицейлері шетелдік азаматтың жоғалған әмиянын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қаласының ПБ көші-қон қызметі бөліміне Түркия Республикасының азаматы арызданды. Шетелдіктің айтуынша, ол досымен Қ.А.Яссауи кесенесі жанында қыдырып жүріп, қалтасындағы әмиянының жоқ екенін байқаған. Белгісіз жағдайда жоғалған әмиянның ішінде шетелдік азаматтың жеке куәлігі, жүргізуші куәлігі, бірнеше банкомат карточкасы болған.
Шетелдік азамат бірден полицейлерге арызданып, жоғалған әмиянын тауып беруге көмек сұрады. Аталған іс бойынша көші-қон қызметі бөлімінің полицейлері іздеу шараларын бастады. Нәтижесінде полиция қызметкерлері ішінде құжаттары бар жоғалған әмиянды тауып, иесіне қайтарып берді.
Арызданушы азамат пен оның досы полицейлердің кәсіби шеберлігіне, қырағылығына риза болып, өз алғысын білдірді.
– Менің досым Ислам Өздемир аяқ асты әмиянын жоғалтып алды. Досым енді табылмайтын шығар деп уайымдады. Мен оны сабырға шақырып, қалалық полиция арызданайық дедім. Түркістандық полицейлер жоғалтқан заттарымызды бір күн ішінде тауып берді. Түркістан полициясына үлкен рақмет! – деді жәбірленушінің досы.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болу және мүліктерін қараусыз қалдырмау керектігін ескертеді. Қоғамдық және халық көп жиналатын жерлерде құнды заттарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар. Ақша мен әмиянды қалтаңызға салып немесе қолыңызда ұстаған дұрыс. Сондай-ақ мүлкіңіз ұрланса немесе бөтен біреудің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан зардап шексеңіз тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз. Бұл қылмысты ертерек ашуға және қылмыскерді тезірек ұстауға көмектеседі.