Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Бала күнгі арманын орындаған әкім

Атырау облысы полицейлерінің арасында бала күнгі арманын орындау үшін әкімдіктен бас тартқан азамат қызмет етеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Зинел Каиров бала күнгі арманын орындау үшін осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі лауазымынан бас тартқан. Бүгінде ол – Атырау қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы лауазымында қызмет атқарады.

Ол 2009 жылы Атырау мемлекеттік университетін тәмамдап, еңбек жолын Мақат ауданындағы ​ Х.Санбаев атындағы орта​ мектептің мұғалімі болып бастаған. Кейін Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округінде әкім болып қызмет еткен. Бала күнінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, осы сала маманы болуды армандаған Зинел осыдан екі жыл бұрын ішкі істер органдарына қабылданды. Осылайша, ол өзінің бала күнгі арманына қол жеткізді.

Қазіргі кезде ол Жаңаталап ауылының тәртібі мен тыныштығын күзетеді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған полицей бүгінде жемісті жұмыс атқарып жүр.

– Ел іші проблемасыз болмайды. Ұрлық, төбелес, ішімдік ішу және тағы да басқа сан түрлі қылмыс пен келеңсіздіктің алдын алу оңай шаруа емес. Мұндай жағдайлар көбіне тұрғындардың ішкі мәдениетінің төмендігінен туындайды. Осы жағдайлардың алдын алу мақсатында біз ауыл тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Әрине, тәртіп сақшысының міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмысты мейлінше болдырмау, оның алдын алу. Бүгінде ауыл жастарының тәртібі жақсы. Егер көшеде түнде балаларды көріп қалсақ, олардың ата-аналарына да, өздеріне де ескерту жасаймыз. Себебі, баланың болашағы бүгінімен тікелей байланысты, – дейді ол.

Үйінен таңда шығып, түннің бір уағында ғана оралатын Зинел өзіне артылған осынау міндетті жете түсінетінін де жеткізді. Сондай-ақ ол бүгінде мемлекеттің ішкі істер саласының қызметкерлеріне тиісті қолдау көрсетіп отырғанын да атап өтті. Ол отбасымен қызметтік пәтерде​ тұрады.​

Тәртіп сақшысы өзі сияқты жас отбасыларға, мамандарға мейлінше қолдау көрсетіп отырған мемлекетке адал қызмет етуді басты міндетім деп санайды. Өзінің темірдей тәртібімен, жүйелі жұмысымен көзге түскен Зинел Каиров өңірдегі ішкі істер саласындағы басшылардан да лайықты марапаттарын алып жүр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру