Тәртіп сақшылары ауыл тұрғындарына боранды күні дәрі-дәрмек жеткізуге көмектесті
СҚО полицейлері боранды күні ауылға дәрі-дәрмек апара жатқан ауыл тұрғындарына көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қаңтар күні таңертең СҚО-да қатты боран салдарынан барлық бағыттағы автожолдар жабылды. Республикалық маңызға ие жолдар сол күні кешке, облыстық жолдар 13 қаңтар күні таңертең сағат 10:00-де ашылды. Облыс жолдарындағы көліктерге полицейлер қызметтік көліктерімен ілесіп жүрді.
Осындай жағдайға тап болған Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары Петропавлда кідіріп қалған. Олар облыс орталығына онкологиялық ауруға шалдығып, инсульт алған әкесіне дәрі-дәрмек сатып алу үшін келген. Дәрілерді уақтылы жеткізу аса маңызды еді.
Ауыл тұрғындары құтқарушыларға жүгініп, төтенше жағдайлар қызметінің басшылығы СҚО Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевқа хабарласқан. Облыстың бас полицейі полиция қызметкерлеріне шағын автобусқа ілесіп жүруді тапсырған.
Полицейлер Рустам Тайкенов пен Бауыржан Күшімбаев «Volkswagen» шағын автобусына аудан орталығы Булаевоға дейін ілесіп барды. Ол жақтан патрульдік полицейлер автоколоннаны Петропавлға ілестіріп әкеліп, шағын автобусты аудандағы экипажға тапсырды. Ары қарай басқа полиция қызметкерлері Сергей Михайленко және Жанат Сәдуақасов Булаеводан 40 шақырымдай жердегі Писаревка ауылына ілесіп барған.
Жолда жел күшейіп, жолды қар баса бастаған, көру аймағы 10 метрге дейін нашарлаған. Алайда полицейлер шағын автобустың дәрі-дәрмекке мұқтаж адамның үйіне дейін жетуін қадағалады.
Сырқаттанған адамның риза болған балалары «Instagram» әлеуметтік желісінде жазба қалдырып, қолайсыз ауа райына қарамастан, үйлеріне жетіп алуға қол ұшын созған төтенше жағдай қызметінің қызметкері Асқар Исмағұловқа, сондай-ақ барлық полицейлерге алғыстарын білдірді.
– Жігіттер, қызметтеріңізге рақмет, сіздерге және туыстарыңызға амандық тілейміз! – делінген жазбада.
– Ауа райының күрт нашарлауы сияқты құбылыстар Солтүстік Қазақстанда жиі болып тұрады. Көлік иелеріне жол жүруді жоспарлаған кезде синоптиктердің, төтенше жағдай қызметі мен полицейлердің ескертулерін қадағалап отыруға, ауа райының күрт өзгеруіне дайын болып, жолдарды жабу сынды шараларға түсіністікпен қарауға шақырамыз. Ерекше жағдайларда полиция қызметкерлері әрдайым қол ұшын созуға, шұғыл жағдайда қолдау көрсетуге дайын, — деді СҚО ПД бастығы Марат Төлебаев.