Шымкентте чемпиондар жұмыс істейді
Шымкент қаласы Полиция департаментінде спорт додаларының чемпиондары жұмыс істейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәсіби дене даярлығы, сабырлы болмыс және қатаң тәртіп. Қанат Нуров өз жетістіктерінің бастауын осы үш қасиетпен байланыстырады. 2013 жылдан бастап құқық қорғау саласында қызмет атқарып келе жатқан азамат спорт саласында да бірқатар биіктерді бағындырған.
1987 жылы Отырар ауданында дүниеге келген ол бала кезден спортпен дос болады. Бойындағы осы қызығушылық кейіннен мамандық таңдап, өмірлік кәсібін анықтауға септігін тигізген. Қазіргі таңда самбо және қазақша күрес, сондай-ақ қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері өз сөзінде жетістік жолына шолу жасап өтті.
– 2013 жылдан бастап Шымкент қаласы Полиция департаментінде қызмет атқарып келемін. Қызметке кіріскен кезден бастап аймақ абыройын боз кілемде қорғап, артылған үмітті ақтауға тырыстық. Бірінші спорттың самбо түрімен, кейінен қоян-қолтық ұрыспен айналыса бастадым. Мәселен, самбо күресінен 2007 жылы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, Ташкентте ұйымдастырылған Азия чемпионатына жолдама алдым. Бірақ моңғолиялық қарсыласыма жол беріп екінші орынды қанағат тұтып, Белград қаласында өткен әлем чемпионатында қоржыным қоламен толыққан болатын. 2015 жылы Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің арасында ұйымдастырылған қоян-қолтық ұрыстан бірінші орын иегері атандым және бұл жетістігімді төрт рет қайталап үздіктер қатарында болдым. 2019 жылы Елорда төрінде өткен самбо күресінен 2019 әлем кубогінің жеңімпазы атандым, – дейді оқу-жаттығу взводының қызметкері Қанат Кәрібайұлы.
Қызмет бабына байланысты үнемі дене дайындығын пысықтап отыратын Қанат Нуров алдағы уақытта да әлемдік ареналарда ел намысын қорғай бермек. Сөз соңында ол өз ізбасарларына ағалық кеңесін айтып, барша жастарды спортпен айналысуға шақырды.
– Өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, жас спортшыларға айтарым, байрақты додаларда аты оза шауып, асығы алшысынан түссе де тасымаған жөн. Қандай сайыс болмасын бағы мен бабы келіскен шын жүйрік үздік атанатыны анық. Сондықтан елдің кемел келешегі жігерлі де, қайратты азаматтардың қолында дегім келеді, – дейді спорт шебері.