Карантин режимін бұзғандар саны азаяр емес
Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамаған тұрғындар жауапқа тартылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы COVID-19 індетінің көлемді таралуына байланысты елімізде карантин режимі енгізілген болатын. Осы тұста Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлерімен өткен жылы ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жалпы 789 жайт тіркеліп, СЭС-ке жолданған. Оның ішінде құқықбұзушылықтарын бірнеше рет қайталаған төрт дерек тіркелген.
Олар, Сарыағаш қаласы арқылы өтетін Шымкент-Жетісай тас жолының бойында орналасқан тойханалардың бірі карантин режимін және шектеу шараларын екі рет бұзғаны анықталған. Сонымен қатар, Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан азық-түлік дүкенінің иесі карантин режимін бұзуды бірнеше рет қайталап, бұзғаны үшін құжаттандырылған.
Карантин режимін сақтау бойынша Қазығұрт АПБ-ның полиция қызметкерлері де тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар жүргізіп отырады. Аудандық учаскелік полицейлер күнделікті жұмыс уақытында көше бойларында атты адамдардың көптеп өтіп жатқандарын көрген. Содан соң осы жайттың мақсатын анықтамақ болып, учаскелік полиция қызметкерлері тез арада жолға шықты. Атқа қонған тұрғындардың артынан ізбе-із ере отырып, ауыл сыртына барды. Ол жерде Қазығұрт ауданының тұрғыны 50-60 адамды жинап көкпар жиынын өткізіп жатқанын анықтады.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша тиісті іс-құжаттарды жинақтап, СЭС-ке жолдады.
Өз кезегінде полицейлер Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтарын карантин режимі мен санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптарын бұзбауға шақырады. Сонымен қатар тұрғындарды көптеп жинап, жиын-той жасамауды ескертеді.