Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты
Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен әйелді аман-есен тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби АПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның жұбайы таңғы сағат 07:15 шамасында үйінен ауруханаға кеттім деп шығып, қайта оралмаған. Осылайша әйелімен еш байланыса алмай, хабар-ошарсыз қалған ер адам өздігінен іздей бастайды. Ата-анасы мен жақын туыстарының үйіне бармағанын білгеннен кейін полицейлерге арызданып, көмек сұрайды.
Тәртіп сақшылары ақпарат алысымен жоғалған әйелді іздестіруге кіріседі. Көрген-білгендерден, таныстарынан жауап алып, оның баруы мүмкін жерлер мұқият тексеріледі. Жан-жақты қажетті шаралар іске асырылады. Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, полицейлер бес сағат ішінде жас әйелді Сайрам ауданынан ешқандай туыстық не таныстық қатынасы жоқ белгісіз азаматшаның үйінде жүрген жерінен табады. Полицейлер оны туған анасына аман-есен тапсырды.
Тексеру барысында анықталғандай, 2018 жылы отау құрған жас жұбайлар арасында отбасылық кикілжің орын алып, содан күйеуіне ренжіген әйел үйінен кетіп қалған. Қазіргі таңда ерлі-зайыптыларға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әйел аман-есен үйіне қайтарылды.
Өз кезегінде анасы, қызын тауып берген полицейлерге алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды отбасылық-тұрмыстық жанжалдарды болдырмауға, ұрыс-керістен алшақ жүруге шақырады. Кез келген жағдайда бір-бірлеріңізге түсіністікпен қарап, отбасы құндылықтарын сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ жақыныңызды жоғалтып алсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласуға кеңес береді.