Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтық жолмен 80 миллион теңге алған күдікті әйел ұсталды

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарды алдап, алаяқтық жолмен 80 миллион теңге алған күдікті әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-не жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы туралы арыз түсірген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, сырттай танысы мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие алып беремін деп сеніміне кіріп, алаяқтық жолмен 4,5 миллион теңгеден астам ақшасын заңсыз иемденіп кеткенін көрсеткен. Тәртіп сақшылар аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі бірден бастап кетті. Арызданушылардың шағымына сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Созақ АПБ-ның тергеу бөлімшесінің қызметкерлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде, полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Қазіргі таңда күдікті жас әйел қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Асылмұрат Тұрсынбеков пен тергеуші Досжан Жансейт бастаған тергеу тобы жан-жақты жұмыс жасап, күдіктіге жасаған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттеу нәтижесінде бұл жайт анықталды. Сонымен қатар 50-ден астам осындай жайтқа қатыстылығы анықталды. Тәжірибелі тергеушілер күдікті азаматшаның жәбірленушілердің әрқайсысынан 350 мың теңгеден бастап, 4 550 000 теңгеге дейін алаяқтық жолмен ақша алып жүргенін ашты. Оларға келтірілген жалпы шығын көлемі 80 миллион теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда тергеу бөлімінің қызметкерлерімен күдіктінің бұдан басқа да жайттарға қатыстылығы анықталуда.

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіз. Сақ болыңыз және күмәнді қызметтерді ұсынатын адамдардан оңай пайда табуға үміттенбеңіз. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру